Бүгінде «Отбасы банк» және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, елдің 16 өңірінде жұмыс істейтін жастарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар да іске қосылды. Шарттарын атап айтатын болсақ, 10% бастапқы жарна төленіп, пайыздық мөлшерлемесі 5% - дан басталады, 19 жылға дейін несие беріледі.
Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады, бірақ отбасылы болған жағдайда ерлі - зайыптының біреуі ғана өтініш бере алады.
Сондай - ақ жастар үшін арнайы квоталар қарастырылған республикалық тұрғын үй бағдарламалары да бар. Атап айтсақ, «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары. 2024 жылы осы бағдарламалар аясында 3 923 жас азаматқа жалпы сомасы 103,4 млрд теңге несие берілді. «Отау» бағдарламасы бойынша 1 450 жас азамат жалпы сомасы 31,7 млрд теңге көлемінде несие алды.
Жастар саясатының басты бағыттарының бірі - кадрлық әлеуетті арттыру.«Президенттік жастар кадрлық резерві» - Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылдан бастап іске асып келе жатқан жоба. Қазіргі уақытта 315 резервтегі жас мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарға тағайындалды.