Бұл кәсіпорындар машина жасау және автомобиль жасау кәсіпорындары үшін жаңа өнімдер шығаруды қамтамасыз етеді, бұл Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін айтарлықтай нығайтады», — атап өтті Өнеркәсіп және құрылыс министрі.
Жоғарыда аталған тоғыз жобаның екеуі 2025 жылы іске қосылады. Костанай облысында 1500 жұмыс орнын қамтамасыз ететін KIA автокөліктерін шығаратын зауыт іске қосылады, ол жылына 70 мың автокөлік өндіреді. Алматы қаласындағы Changan, Chery және Haval маркаларының автокөліктерін шығаратын мультибрендті зауыт 3600 жұмыс орнын қамтамасыз етіп, жылына 90 мың көлік шығаруға мүмкіндігі бар.
Автомобиль өнеркәсібіндегі жаңа жобалардың арқасында 2025 жылы саладағы өндіріс көлемі 5%-ға артады деп күтілуде. Жоспар бойынша 149 мың жеңіл көлік шығарылуы қажет (2024 жылы бұл көрсеткіш 134 мың болған).
Қазақстанда соңғы бес жылда алғаш рет өңдеу өнеркәсібінде 5,9% өсім тіркелді. Өсім көрсеткіші негізінен металлургия (+6,9%), машина жасау (+9,7%), химия өнеркәсібі (+7,7%) және басқа салалардағы өндіріс көлемінің артуына байланысты болып отыр. Жалпы өндіріс көлемі 24,5 трлн теңгені құрады.
Түсті және қара металлургия салалары тұрақты өсім көрсетуде. Мыс, алюминий, цинк және қорғасын өндірісі мен қайта өңдеу көлемдері ұлғаюда. Құрылыс материалдары өндірісі де қарқынды дамып, ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандырып, өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік беруде.
Индустриалды жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанда 15 арнайы экономикалық аймақ және 51 индустриалды аймақ жұмыс істейді. 2025 жылы осы аймақтарда 110 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Қазіргі таңда Қазақстанда жаңа механизм ретінде шағын өнеркәсіп аймақтары енгізілген, олар кәсіпкерлерге дайын үй-жайларды ұсынады. Осы жоба аясында кәсіпкерлер құрылыс үшін жеңілдетілген несиелер мен тиімді жалға алу шарттарын пайдалана алады, бұл шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді.