Қазақстан БҰҰ Жарғысына қатаң сәйкестікте кең ауқымды көпжақты ынтымақтастыққа бейілділігін айқын көрсетіп отыр. Бұл туралы Президент Қасым - Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында мәлімдеді. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерін шешуде белсенді рөл атқаратынын атап өтті.
2024 жылы Қазақстан бірқатар беделді халықаралық ұйымдар мен платформаларға төрағалық етті, бұл өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс - қимыл және сенім саралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) табысты төрағалық ету Қазақстанның халықаралық ықпалын нығайтудағы маңызды қадам болды, сондай - ақ дипломатиялық мүмкіндіктерді кеңейтті.
Қазақстанның ШЫҰ - ға төрағалық ету барысында экономикалық ынтымақтастықты, қауіпсіздікті, экологиялық бастамаларды және цифрлық трансформацияны қоса алғанда, кең ауқымды тақырыптарды қамтитын 160-тан астам іс - шара өткізілді. Шарттық база қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Қазақстан Еуразия экономикасының, саудасының, көліктік және логистикалық байланысының континенттік белдеуін қалыптастыруға бағытталған Ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына бастамашы болды. Төрағалықтың басты іс - шарасы ретінде алғаш рет «ШЫҰ плюс» форматында өткен Астана саммиті болды.