2024 жылы ауызсудың сапасына санитарлық - эпидемиологиялық қадағалауды қамтамасыз ету үшін 241 су құбыры тексерілді. Оның 209-ы ауылдық жерде, 24-і қалаларда, 8-і топтық су құбырлары. Анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы 44 нұсқама берілді. Жалпы алғанда, еліміздің су құбырларынан алынған 66 мыңнан астам сынама зерттелді.
«Бізге жалпы мемлекеттік бағдарлама қажет. Бау - бақшаны суару үшін ауызсуды пайдалануға болмайды. Оның орнына су үнемдеу технологиясын қолданысқа енгізіп, жер астынан жаңа су көздерін іздеу қажет», - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылы «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі құрылды. Мекеме еліміздегі су тапшылығы бар өңірлерде жерасты су ресурстарын игеру және пайдалану үшін іздеу - барлау жұмыстарын жүзеге асырады. Республиканың батысындағы елді мекендерді жерасты көздерінен ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Болжам бойынша, Қазақстандағы жерасты суларының қоры шамамен 40 млрд текше метр, оның 15 млрд текше метрі пайдалануға дайын. Елімізде жыл сайын ауызсу қажеттілігі үшін 1,2 млрд текше метр су жұмсалатынын айта кеткен жөн.
Жерүсті суларының көлемін ұлғайту үшін 2030 жылға қарай жалпы көлемі 2,6 млрд текше метр су жинай алатын 42 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр.
«Біз қоғамда ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін талай жылдан бері айтып келеміз. Бірақ азаматтарға үндеу тастау жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет. Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су саласын цифрландыру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру және құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу, сондай - ақ ірі елді мекендерде тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар тұрмыстық жағдайда су үнемдеу бойынша әдістемелік нұсқаулық бекітілді.
View the embedded image gallery online at:
https://21-zhylyoi.testim.kz/kz/bilim-a-parattandyru/720-su-nem-men-rpa-a-zhauapkershilik.html#sigFreeIdf4f4fab0f0
https://21-zhylyoi.testim.kz/kz/bilim-a-parattandyru/720-su-nem-men-rpa-a-zhauapkershilik.html#sigFreeIdf4f4fab0f0












