Былтыр облыста он мыңнан астам адамға мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілді
Бүгінде халықты онлайн режимде білікті заң көмегімен қамтамасыз ете отырып, заң қызметтерін ұсынуға және алуға арналған бірыңғай «E-заң көмегі» ақпараттық жүйесі бар. Бұл жүйе республика бойынша 2000-ға жуық адвокат - заңгердің қатысуымен азаматтардың білікті заң көмегіне қол жеткізуін қамтамасыз етуге, сонымен қатар жеңілдетуге бағытталған. Жоба аясында 2023-2024 жылдары 89 мың іс қабылданды. Порталға 6700-ден астам пайдаланушы тіркелді. Бұл туралы Атырау облысы бойынша әділет департаментінің басшысы Асулан Каримов брифинг барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Құқықтық көмекке мұқтаж азаматтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету - біздің басты міндеттеріміздің бірі. Өткен жылы облыс бойынша он мыңнан астам азамат мемлекет кепілдік берген заң көмегін алды. Бұл - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мен олардың заңды мүдделерін қорғаудағы маңызды қадам. Көмекке мұқтаж жандардың басым бөлігі - әлеуметтік осал топ өкілдері, оның ішінде аз қамтылған отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар және зейнеткерлер. Оларға тегін заңгерлік кеңестер беріліп, сот процесінде адвокаттық қолдау көрсетілді. Біз бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, халыққа сапалы құқықтық қызмет көрсетуді басты назарда ұстаймыз, - деді А. Каримов.