Жалпы Қазақстанның туристік әлеуеті халықаралық аренада табысты насихатталып келеді. The New York Times нұсқасы бойынша Алматы қаласы үздік 52 туристік бағыттың қатарына енсе, Lonely Planet журналының нұсқасы бойынша Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға тиіс үздік елдердің тізіміне кірді. Бұдан бөлек, Conde Nast Traveller Italia басылымы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортын таңдаулы ТОП-5 дестинация тізіміне қосты.

Сонымен қатар CNN Travel 2025 жылы саяхаттауға тұрарлық 25 бағыттың тізімін жариялап, Қазақстанды ерекше мәртебеге лайық деп таныды. Атап айтқанда, Алматы қаласы саяхаттауға тиіс ең үздік бағыттардың қатарына енді. Қала кең табиғи ландшафттар мен дамып келе жатқан урбанистік мәдениетті біріктіретін ерекше атмосферасының нәтижесінде Орталық Азияның «жаңа стиль астанасы» деп аталды.

Алдағы жылдары Қазақстан туризм саласын дамытуды қарқынды түрде жалғастырып, ауқымды жобалар мен бастамаларды жүзеге асырады. Басым бағыт ретінде үш ірі туристік аймақ белгіленді, олар: Щучье-Бурабай курорттық өңірі, Маңғыстау курорттық өңірі және Алматы тау кластері.