2019-2024 жылдар аралығында туризм саласында жалпы сомасы 550 млрд теңгеге 605-тен астам инвестициялық жоба іске асырылды, оның ішінде 2024 жылы 87 инвестициялық жоба сәтті аяқталды.
 
Ірі инвестициялық жобалар ішінен Шымкент қаласындағы «Махамбет» қонақ үйін (жоба құны – 4,9 млрд теңге), Атырау облысындағы «Keremet Park»отбасылық паркін (3 млрд теңге), сондай-ақ Алматы облысындағы «Ақ-Жайық» демалыс аймағын (1,8 млрд теңге) атап өтуге болады.
 
Сонымен қатар былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Neo Nomad деп аталатын жаңа виза түрі енгізілді. Бұл виза заманауи көшпенділерге – саяхаттап, қашықтан жұмыс істейтін шетелдік туристерге арналған. Жаңа визалық режимді енгізер кезде пандемиядан кейін осындай бағдарламаларды сәтті қолданған 50-ден астам елдің халықаралық тәжірибесі назарға алынған.
 
Neo Nomad визасын алған шетелдік туристердің Қазақстанда бір жылға дейін тұруға мүмкіндігі бар. Осы уақыт ішінде олар шетелдік компанияларда жұмыс істей алады. Бұл туристерге еліміздің мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ тануға мүмкіндік беріп қана қоймай, ел экономикасына пайда әкеледі деп күтілуде. Виза енгізілген жағдайда жылына 500 адам оны алса, экономикалық әсер шамамен 3,6 млрд теңге болмақ. Визаны пайдаланатын шетелдік азаматтар Қазақстанда тұрып, қаражатын осында жұмсайды. Бірақ отандық еңбек нарығына әсер етпейді. Бұл – бағдарламаның маңызды бөлігі.