2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,8%-ға (84 482 мемлекеттік қызметшінің 47 158-і – әйелдер) жетті. Басшылық лауазымдардағы әйелдердің жалпы үлесі – 39,1% (23 947 басшының 9 363-і).
Сонымен қатар, Үкімет әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға көп көңіл бөлуде. Шағын және орта бизнес иелерінің құрылымында әйел кәсіпкерлердің үлесі 48%-ға жетті.
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында бірқатар бағдарламалар іске асып жатыр. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қызмет еткен кезең ішінде 4,1 млрд теңге көлемінде 105 мыңнан астам әйелдің жобасына қолдау көрсетті.
Бүгінде әйелдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған арнайы бағдарламалар бар. «Отбасы банк» пен Азия даму банкі бірлесіп, «Ұмай» ипотекалық бағдарламасын іске қосты. Үш жыл ішінде бұл бағдарлама 3 660 қазақстандық әйелге баспана сатып алуға көмектесті. Жалпы несие көлемі – 41,2 млрд теңге. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған әйелдер де енді мемлекеттік тұрғын үй алу кезегіне жеке санат ретінде енгізілетін болады.
Өткен жылғы ең маңызды оқиғаларының бірі – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның қабылдануы. Заңда қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылып, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірқатар нормалар бекітілді.