ҰСТАЗДАР МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
«Ұстаздық етпес жалықпас үйретуден балаға» - деген ұлы Абай бабамыз. Жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім – тәрбие, үлгі - өнеге өлшеусіз.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім - тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт - бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
4 қазан күні №21 жалпы орта мектебінде «Мектептің жүрегі-мұғалім» мерекелік шара өтті. Мерекелік шарада мектеп директоры Иманалина Райса Бақтығалиқызы барша ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап, “Алғыс хат” табыс етті.
Мектеп оқушылары концерттік бағдарламаларын ұсынып, көпшілікке мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әуелете ән салып, мың бұрала би биледі.
Іс-шара барысында Кәсіподақ төреайымы Тажигалиева Бактыгуль Сабырғалиқызы құттықтау сөз сөйлеп, мерейлі жасқа толған ұстаздарымызға құрмет көрсетіп, сыйлықтарын табыстады.
Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!












