Мемлекет жыл сайын балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына қатысуын қаржыландырып келеді.
Алайда жүргізілген тексерістер барысында бірқатар күрделі заңбұзушылықтар анықталды: балаларды жалған тіркеу арқылы қатысу көрсеткіштерін жасанды түрде көбейтіп көрсету, 164 секцияда сабақтардың санитарлық талаптарға сай келмейтін пәтерлерде, жертөлелерде және тұрғын үй-жайларда өткізілуі, 6 өңірде бұрын сотталған адамдардың балаларды оқытуы бойынша 20 жағдайдың тіркелуі, сондай-ақ жүйеде тіркелгенімен, нақты сабаққа қатыспаған 8 мыңнан астам баланың анықталуы. Бұл фактілер алаяқтықтың, жалған есеп жүргізудің және бюджет қаражатын жымқырудың орын алу ықтималдығын көрсетеді.
Мұндай заңбұзушылықтарды болдырмау және балалар үшін қауіпсіз әрі сапалы жағдай жасау мақсатында 2025 жылғы 1 маусымнан бастап бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Ол Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асырылады.
Аталған жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секциялары, шығармашылық үйірмелері мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.













