Өңірде 71 мыңнан астам оқушы тегін тамақпен қамтылған
2024 - 2025 оқу жылында бастауышта білім алатын 60 мыңдай оқушы және 5 - 11 сынып аралығындағы әлеуметтік осал топ санатынан шыққан 11 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл шара мектеп оқушыларының денсаулығын жақсарту, олардың білім алуға көңіл бөлуін арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.
- Атырау облысындағы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары білім беру сапасын арттыру мен әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету жолындағы үлкен бастама. Қазір бір балаға ас мәзірі бойынша қарастырылған тамақтандырудың орташа құны 600 теңгені құрайды. Тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ететін 33 жеке кәсіпкер бар және олар «Catering Atyrau» тамақтандыру қауымдастығына орталықтандырылған. Бұл қауымдастық әкімдікпен бірлескен тиісті жұмыстарды атқарып, қауіпсіздік талаптарын толық сақтап келеді, - деді Атырау облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Дулат Хамзин.