Министрліктің алғашқы міндеттерінің бірі – креативті сала өкілдерін көлеңкелі экономикадан шығару болды. Осы мақсатта 40 түрлі креативті қызмет арнайы салық режиміне енгізілді. Бұл бизнес барлық салық түрлерінен (КТС, ЖТС, ҚҚС) босатылып, оған бірыңғай салық төлеуге мүмкіндік берді. Атап айтсақ, жеке кәсіпкерлер (ЖК) 2-4%, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер (ЖШС) 8% мөлшерде салық төлейді.
Нәтижесінде, салық жеңілдіктерінің арқасында креативті индустрия саласында жұмыспен қамтылғандар саны мен тіркелген субъектілер саны 15%-ға артты, яғни 6 мыңға көбейді. Бүгінгі таңда бұл салада 45 597 субъект жұмыс істейді, онда 135 мың адам еңбек етеді.
2024 жылы Алматы облысында Energo University негізінде Қазақстандағы алғашқы Креативті индустриялар паркі және Астанада Бибігүл Төлегенова атындағы алғашқы креативті мектеп ашылды.
Зияткерлік және шығармашылық ресурстарды қолдау мен оларды коммерцияландыру ұлттық стратегияның ажырамас бөлігіне айналды. Болашақта креативті индустрия экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналуы мүмкін. Бұл сала жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инновациялардың дамуына, мәдени әралуандыққа, әлеуметтік инклюзияға және тұрақты дамуға ықпал етеді.