Қор халықаралық нарыққа шығаруға арналған креативті жобаларды дамыту үшін, түрлі қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын конкурс негізінде әзірлеп, іске асыратын болады.
Бұдан бөлек, Сенатта Қорды қаржыландыру тәртібіне қатысты лотерея билеттерінің сатылымынан түскен табыстың кемінде 3%-ын міндетті мүліктік жарна ретінде аудару нормасы қаралуда.
Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігі «Креативті индустрияға мемлекеттік қолдау көрсету және ынталандыру қағидаларын бекіту туралы» нормативтік-құқықтық актінің жобасын әзірледі. Бұл құжат креативті индустрия субъектілеріне қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын қарастырады.
Сонымен қатар «e-Creative» деп аталатын креативті индустрия өкілдерінің бірыңғай реестрі құрылмақ. Бұл онлайн-платформа қажетті мамандарды жылдам табуға, креативті индустрия субъектілерінің артуын қадағалауға, сондай-ақ отандық креативті өнімдер мен қызметтерді дамытуға арналған бизнес-процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, креаторлар үшін нетворкинг және тәжірибе алмасу мақсатында 6 өңірде акселерациялық бағдарлама өткізу жоспарланған.
Креативті индустрияны дамытудың басты бағыттардың бірі – креаторларға арналған инфрақұрылым құру. Президент тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның ірі қалаларында креативті хабтар жүйелі түрде ашылып жатыр. Қазіргі уақытта Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент, Атырау, Қызылорда, Петропавл, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Ақтау және Жезқазған қалаларында 12 хаб жұмыс істеп тұр. 2025 жылы тағы 8 хаб ашу жоспарланған.