2025 жылы да Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия алдына бірқатар маңызды міндеттер қойылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен комиссия саналы ата-ана мәдениетін арттыру, отбасы мен некенің маңызын нығайту, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу бойынша шаралар атқарады.
2025 жыл гендерлік саясат саласындағы екі маңызды оқиғамен ерекшеленеді. Бірі – Бейжің декларациясының 30 жылдығы болса, екіншісі – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер. Бейбітшілік. Қауіпсіздік» 1325-резолюциясының 25 жылдығы. Бұл – әйелдер құқығын арттыру және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған негізгі халықаралық құжаттар.
Қазақстан халықаралық гендерлік саясат аясындағы міндеттемелерін орындау бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1325-резолюциясын іске асыру жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспары жаңартылды. Бұл жоспар халықаралық сарапшылар мен дипломатиялық корпус тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Жоспар аясында гендерлік мәселелер бойынша әскери кеңесшілер даярлау, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ТЖМ және прокуратура жүйесіндегі әйелдерді басшылық лауазымдарға өсіру, олардың одан әрі мансаптық жолын бақылау және басқа да міндеттер қарастырылған.
Осылайша, Қазақстан гендерлік теңдікті нығайту және әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою саясатын жүйелі түрде жалғастыруда. Құқықтық және институционалдық база нығайтылып, әйелдердің физикалық, интеллектуалдық және рухани-адамгершілік дамуына қажетті жағдайлар жасалып келеді.













