«Халықты ауызсумен қамтамасыз ету және су қорын келешек ұрпаққа сақтау үшін жан - жақты шаралар қабылдау - біздің тікелей міндетіміз», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев.
2024 жылы 3100 шақырым сумен жабдықтау желісі салынып, қайта жаңартылды. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 98,9%-ы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етілген: қала тұрғындарының 99,4%-ы және ауыл тұрғындарының 97,8%-ына сапалы ауызсу қолжетімді.
(Анықтама үшін: 2020 жылы ауыз сумен 93,8% азамат қамтылды, 2021 жылы - 95,6% , 2022 жылы - 96,5%, 2023 жылы - 97,8%).
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2024 жылы еліміздің 6 өңірінде: Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 8 жоба аяқталды. Бұл 208 мың тұрғыны бар 49 елді мекенді сумен қамту сапасын жақсартты.
Еліміздің 9 облысы: Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 23 жобаны іске асыру басталды.
Барлық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 420 елді мекенді сумен қамту сапасын жақсарту үшін 2100 шақырымнан астам су құбыры салынады. 162 мың тұрғыны бар 67 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.