Жалпы 2023 - 2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде білім беретін 12 мекеме салу жоспарланған. Былтыр бір ауысымда 2700 бала оқитын 3 жайлы білім ордасы тапсырылғанын айта кетейік.
Бұдан басқа 2025 - 2027 жылдарға арналған орта білім беру объектілерін реновациялау жөніндегі жоспар аясында өңірдегі 97 мектепті жаңарту көзделіп отыр. Оның тоғызы - осы жылдың жоспарында. Бүгінде үшеуінің жобалық - сметалық құжаты дайын. Мердігер мекемені анықтау жұмысы жүріп жатыр. Олар: Атырау қаласындағы Ә. Жангелдин атындағы орта мектеп, Индер ауданындағы М. Сиранов атындағы орта мектеп пен Мақат ауданындағы О. Сарғұнанов атындағы орта мектеп. Ал жоспардағы қалған қос мектептің жобалық - сметалық құжаты мемлекеттік сараптамада болса, төртеуінің жобасын жасақтау жұмысы жүріп жатыр. Жалпы реновация аясында мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, жихаздарды жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе реконструкциялау, қоғамдық кеңістіктерді жабдықтау, сондай - ақ қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету қарастырылған.












