Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту маңызды бағыт болып табылады. Мұндай өзара іс-қимылдың сәтті мысалы – ғылыми-технологиялық сессиялар. Бүгінгі таңда Қазақмыс, Қазатомөнеркәсіп, ERG, Қазминералс, Қармет, ҚазақОйлАқтөбе, Қазмырыш сияқты ірі кәсіпорындармен бірлесіп ел өңірлерінде осындай 9 сессия өткізілді. Ғылыми-технологиялық сессияның қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысына 11 техникалық тапсырма ұсынылды. Осылайша ғылыми-техникалық тапсырмалардың жалпы көлемінің 10%-ы ірі кәсіпорындармен нақты жұмыс нәтижелеріне негізделген. Сонымен қатар 2024 жылдың басынан бастап жер қойнауын пайдаланушылардың ғылымы мен технологияларын дамытуға күрделі салымдардан 1% аударудың жаңа тетігі енгізілді. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ЖОО базасында ғылыми инфрақұрылымды күшейту және кәсіпорындармен әріптестікте заманауи зертханалармен технологиялық парктер, инжинирингтік орталықтар құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы ғылыми жобаларды іске асыруда 10 зертхана ашылды, 5 спин-офф цехтары, 3 стартап іске қосылды, 468 млн теңгеге жеке ұйымдармен ғылымды қажетсінетін қызметтер шығаруға 14 шарт жасалды, 788,9 млн теңге жеке қоса қаржыландыру тартылды. Сонымен қатар еліміздің университеттерінде (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ) күрделі ғылыми міндеттерді шешуге, озық зерттеулерді дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған 3 суперкомпьютер бар. Академиялық кластердің жалпы өнімділігі – 2 PFLOPS.